Тәуелсіздік күніне орай білім және ғылым саласы өкілдеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыру рәсіміне қатысып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттады.

«Құрмет» орденімен марапатталған белгілі ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, өндіріс пен әлеуметтік сала өкілдерімен бірге мемлекеттік награда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке де тапсырылды.

 

Тәуелсіздік күніне орай ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен салтанатты жиналыста білім және ғылым саласы өкілдеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды. «Парасат» ордені «Өрлеу» АҚ Басқарма төрайымы Гүлназ Ахметоваға, ҚР БҒМ Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Геннадий Гамарникке, әль-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Тілекқабыл Рамазановқа тапсырылды.

 

Сонымен қатар, сала қызметкерлері «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. Сондай-ақ, білім және ғылым саласы қызметкерлеріне мемлекеттік және атаулы премиялар мен ҚР БҒМ Құрмет грамоталары табысталды.

 

«Еліміздің барлық педагогтары мен ғалымдарын Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, баршаңызға денсаулық пен еңбектеріңіздің жемістілігін тілеймін, – деді министр Е. Сағадиев, –  Білім және ғылым саласының қызметі бәріміздің қаншалықты табанды еңбек етуімізге байланысты. Белгілі американдық қоғам қайраткері Генри Дэвид Торо былай деген екен: «Нағыз адамдар еліне шын ұжданымен қызмет етеді». Мен әрқайсыңыздың шынайы патриот ретінде сүйікті отанымыз – Қазақстанның өркендеуі үшін еңбектенетініңізге кәміл сенімдімін».